Атырауда «Спутник V» вакцинасын алғашқы күні 135 адам салдырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше Атырау қаласында «Спутник V» вакцинасын салдыру процесі үш медициналық мекемеде өткен.
– Мәселен, № 3 қалалық емханада 55 адам, Геолог кентіндегі емханада – 70, ал №2 облыстық ауруханада 10 адам екпе салдырды. Екпе алғандардың бәрі өздерін жақсы сезінді. Бәрінің денсаулығы қалыпты, вакцинаның жанама әсері байқалған жоқ, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Өңірде вакцина салдыру үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 24 мекемеде арнайы орындар ашылған.